Календарь 

 

Онлайн переводчик SANASOFT

 

Спортталған дене тәрбиесі

 

         Дене шынықтыру мен спортты дамытудың маңызды бөлімдерінің бірі Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріндегі спортталған дене тәрбиесі (СДТ) болып табылады.

         Дене тәрбиесінің мазмұны мен түрін жаңартудың спортталған дене тәрбиесінің мәні жалпы дене дайындығы топтарында, шаңғы спорты, спорттық жекпе-жектер, стол теннисі, баскетбол, волейбол, спорттық гимнастиканың оқу-жаттығу топтарында спорттың таңдап алынған түрлерімен үйренушілердің ерікті түрде шұғылдануынан тұрады. Сабақ оқу кестесіндегі сағаттардың қатарына енгізіліп және 2 сағаттан аптасына күнара 3 рет сабақтан тыс өткізіледі.

         Спортталған дене тәрбиесін енгізудің мазмұндық және ұйымдастырушылық құрылымын жаңарту процесін біртіндеп, кезеңмен дамытуды көздейді.

Орта мектептің 9–сыныптарының оқушыларын дене тәрбиесін ұйымдастырудың жаңа түріне алдын-ала дайындау қажет. Оқу жылының басындағы дене тәрбиесі сабақтарының бірі сабақтың негізгі  бөліміндегі жаттықтыратын режімдердің көлемін біртіндеп өсіру арқылы өткізіледі. Осы кезеңде таңдап алынған спорттың бөліктерімен таныстырылады.

10-12 сыныптардың оқушылары мектеп директорының атына жазылған арызға сәйкес спорттық оқу-жаттығу топтарында өзі таңдаған спорт түрлерімен шұғылдануға ауысады. Ықылас білдірмегендер жалпы дене дайындығы (ЖДД) спорттық топтарында шұғылданады.

Адам физиологиясын, яғни сенситивтік кезеңдерді ескере отырып 6 жастан бастап иілгіштікке жаттығуларды беру қажет, 8-9 жастан бастап шапшаңдық пен ептілікке, 11-12 жастан бастап шыдамдылыққа және 15 жастан бастап күшті дамытуға арналған жаттығулар берілуі тиіс.

15-16 жастағы оқушыларда қозғалыстың кез келгенін іс жүзінде зерттеу үшін морфологиялық және функционалдық алғы шарттар туындайды. Дегенмен де бұл кезеңде оқушылардың қызығушылығы, сұранысы мен қабілеттеріне сәйкес оқу-жаттығу топтарына бірыңғай 10-12 сыныптарды біріктіру есебінен жасөспірімдер мен қыздарды бөлек оқытуды ескере отырып, жеткіншектің жыныстық жетілу дәрежесіне байланысты дене жүктемелерінің көлеміне жеке тұрғыдан келу қажет.

Жас шағынан бастап жалпы дайындау және спорттық бағдар беру жүріп жатады, бұл жастарда азғана, яғни маманданудың жекелеген элементтері ғана беріледі. Сонымен бірге жоғары сынып оқушыларында спорттың кейбір түрімен шұғылдануға деген себептер айқын байқалады, бірақ бұл төменгі сыныптарда да, спортталған дене тәрбиесін ұйымдастыру мүмкіндігі жоқтығын білдірмейді.

 

Спортталған дене тәрбиесінің (СДТ) жылдық көлемі

 

Рет саны

Дайындық бөлімдері

Сағаттар саны

1

Теориялық дайындық

4

2

Жалпы дене дайындығы

66

3

Арнайы дене дайындығы

38

4

Техникалық-тактикалық, психологиялық дайындық

112

5

Жарысқа дайындық

16

6

Бақылау және  соңғы ауыспалы талаптар

4

7

Барлық сағаттар

240

      Сабақ оқу-жаттығу топтарда (10-12 сыныптар) жүргізіледі және 2 сағаттан аптасына күнара 3 рет, барлығы 6 сағат көлемінде оқу кестесіне енгізіледі. Мамандандырылған дене тәрбиесі оқытушысының жалақысы дене тәрбиесінің міндетті 3 сағатына бөлінген сағаттардың есебінен және үш сағат факультатив сабақтарының немесе қыздар мен жасөспірімдердің бөліп оқытылуы үшін оқу-жаттығу топтарына біріктірілген бірыңғай 10-12-ы сыныптардың дене тәрбиесі сабақтарының 3 сағаты есебінен төленеді.

Қазақстан Республикасы оқушыларының дене тәрбиесі жүйесінің қазіргі кезеңінде, оның мақсаты мен міндеттері Үкіметтің түрлі құжаттарында, «Дене шынықтыру» пәні бойынша мемлекеттік стандартта белгіленген . Яғни, «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты 2007-2011 жылдар аралығында дамытудың мемлектеттік  бағдарламасында» оқу- жатығу процесін тереңдетіп және спорт түрлері бойынша күн ұзағына оқып- үйренетін мамандандырылған сыныптарды ашуды жалпы білім беретін мектептерге ұсыну, жасөспірімдер клубтарын ашу арқылы жалпы білім беретін мектеп дене тәрбиесі сабақтарының құрылымы мен мазмұнын толықтыратын дене шынықтырудың мектептен тыс түрлерін ұйымдастыруды жетілдіру» көзделген. «Дене шынықтыру» пәні бойынша мемлекеттік стандарт осы пәннің мақсаты есебінде «денсаулықты нығайту, білімді, өмірлік маңызды қозғалыс іскерліктері мен дағдыларын, адамгершілік, еңбек жане эстетикалык тәрбиенің міндеттеріне сәйкес жеке адамды үйлесімді дамытуды» белгілеп отыр. Қазіргі мектеп оқушылары дене тәрбиесінің мақсаты И.И. Переверзинның анықтауы бойынша – бұл дене жатығулары және спортпен үздіксіз шұғылдану арқылы салауатты өмір салтының  бір бөлшегі есебінде оқушының жеке, дербес дене тәрбиесінің жоғарғы деңгейін қалыптастыру.

       Спортталған дене тәрбиесін енгізу маселелері бойынша қазіргі  бар зерттеулерді талдау оны құрайтын төмендегілердің бар екенін дәлелдеп отыр:

 дененің жетілу белгілерінің даму деңгейін зерттеу; дене тәрбиесінің қосымша жаттығу сабақтары; балалардың спортқа бағыт ұстануының педагогикалық технологиясы; балалардың  дене белсенділігін жетілдірудің әлеуметтік және технологиялық аспектілері; оқушылардың дене тәрбиесі бойынша оқу барысын бағдарламалық- әдістемелік жағынан қамту; жеке адамға бағытталған дене тәрбиесі; адам құндылығының басымдылығын мойындау; дене тәрбиесінің дамуының әлемдік тәжірибесінің қазіргі жағдайы тұрғысындағы оқушылардың дене тәрбиесінің міндеттері мен мақсаттарын нақтылау; оқушылар дене тәрбиесін ұйымдастырушылардың әр түрін онтайлы үйлестіру; дене дайындығын бақылау; аймақтық жағдайларды ескере отырып оқушылар дене тәрбиесін жетілдіру; дене тәрбиесімен шұғылданудың себептері; дене жаттығуларымен оқушылардың дербес шұғылдануы; дене шынықтыру бағдарламаларын талдау; дене қасиеттерін дамыту мен қозғалыс әрекеттерін игеруді оңтайландыру; оқушылардың дене тәрбиесі жөніндегі оқу жұмысын жоспарлау .

      Жоғарыда айтылғандарды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамту мамандарының зертеулерінде негізделгенмен де, біздің көзқарасымыз бойынша, қазіргі кезеңде төмендегідей мәселелері алдағы кезде де өзін зерттеуді талап етеді:

  а) оқушылар дене тәрбиесін жүйесінің бағдарламалық нормативтік негіздерінің дамуын зерделеу;

 ә) оқушылар денесінің жетілдіру бағыттары және оларды анықтайтын себептерді (факторларды) зерттеу;

 б) оқушылар дене тәрбиесі жетілдіруді қазіргі тұжырымдамалар тұрғысын анықтау;

в) жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарындағы дене тәрбиесі бойынша бағдарламалардың негізгі және өзгермелері бөлімдерінің жүзеге асу шартын анықтау;

 г) дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жоғарғы сынып оқушыларының ынталану себептерін зерттеу;

 д) жалпы білім беретін мектептерде спортталған дене тәрбиесін енгізу технологиясын дайындау.

     Біздің зерттеу пәніміздегі байқалған жоғарыда айтылғандарға көңіл аудару дене тәрбиесі мен спорттың жетекші мамандарының алдыңғы қатарлы тәжірибесі, сондай-ақ дене шынықтыру мен спортты дамытудың Атырау аймақтық орталығының басшысы есебіндегі  өзімнің  тәжірибемді жинақтаумен байланысты болып отыр. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікті қабылдауымен және дене тәрбиесі жөніндегі Республикалық типтік бағдарламаға көшумен байланысты Атырау облысының жалпы білім беретін мектептерінде оқушылардың дене тәрбиесін жетілдіруге бағытталған, бағдарламалық материалдың өзгермелі бөлігінің мазмұнын толықтырудың әр түрлі жолдарын дене шынықтыру мамандары ұсынды. Мысалы,

Т.А. Ботағариев дене шынықтыру қызметіне барлық қатысушылардың  (дене тәрбиесі мұғалімдері, студенттер, оқушылар, жалпы білім беретін мектептердің директорлары, біліктілікті көтеру институттары дене тәрбиесінің әдіскерлері) бірлесе жұмыс жасауына негізделген, оқушылар денесін жетілдірудің аймақтық кешенді бағдарламасын дайындап, тәжірибеге енгізді. Оқушылар дене тәрбиесі процесінің қазіргі даму сатысында шығыс жекпе-жектерін және спорттың өзге де түрлерін бағдарламаның өзгермелі бөліміне кеңінен енгізу құбылысы байқалады. Біздің көзқарасымыз бойынша «Дене шынықтыру» пәні жөніндегі мемлекеттік стандарт қойып отырған талаптар шеңберінде спорттың осы түрлерін оқу-тәрбие процесінің өзге де бөліктерімен өзара байланысуын қолайлы түрде, ғылыми тұрғыдан негіздеп барып қосу қажет секілді.

В.К. Бальсевич атап көрсеткендей, мектептің сабақ кестесі аясындағы дәстүрлі дене тәрбиесі сабағы оқушының дене қасиеттерін оңтайлы дамытуға мүмкіндік туғызатындай жаттығу тиімділігіне қол жеткізе бермейді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты оқушылардың дене дамуын, дене дайындығын, функционалдық деңгейін, сабақтың сауықтыру әсерін арттыру міндеттерін шешуді қамтамасыз ететін иновациялық технологияны ұйымдастыру мен іске асыруды оңтайландыруға ғылыми ізденісті тұрғыдан келу қажет.

 

 

 

 

 

© 2010 г. Дизайн Даулетов Алпамыс Сырымович